25 қазан – Республика күні қарсаңында «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС еліміздің биологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, отандық ғылым мен биотехнологияларды дамытуға бағытталған қызметінің негізгі нәтижелерін ұсынады.

Институт аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу, отандық вакциналар мен диагностикалық құралдарды әзірлеу, заманауи биотехнологияларды дамыту және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 2026 жылы бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру шеңберінде 11 ғылыми жоба мен бағдарлама, оның ішінде 6 ғылыми-техникалық бағдарлама және 5 гранттық жоба іске асырылуда.

Отандық биопрепараттар өндірісін дамыту

Институттың маңызды жетістіктерінің бірі – ветеринариялық биопрепараттар мен диагностикалық тест-жүйелер өндірісін дамыту. 2026 жылдың қазан айына дейін құс тұмауына қарсы 14,1 млн-нан астам, қой шешегіне қарсы 8 млн-нан астам және нодулярлық дерматитке қарсы 3,9 млн-нан астам доза вакцина өндірілді. Сонымен қатар Ньюкасл ауруына, контагиозды эктимаға, ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасына және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар мен диагностикалық тест-жүйелер шығарылды.

Есептік кезеңде Қазақстан Республикасында ветеринариялық препараттарға 6 тіркеу куәлігі алынып, еліміздің 5 өңіріне биопрепараттар жеткізілді.

Отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін кеңейту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қырғыз Республикасында ветеринариялық препараттарға 2 тіркеу куәлігі алынды. Тәжікстанда 6 препаратты тіркеу рәсімдері жүргізіліп, Әзербайжан мен Моңғолия нарықтарына шығу мақсатында тиісті жұмыстар жалғасуда.

Өнім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Институт халықаралық және ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес қызметін жетілдіруде. 2026 жылы ISO 9001 стандарты бойынша сыртқы аудиттен сәтті өтіп, сәйкестік сертификаты алынды. Тиісті өндірістік практика (GMP) стандартының енгізілгені расталды. Институттың сынақ зертханасы ISO/IEC 17025 стандарты бойынша аккредиттелген. Сонымен қатар 980 стандартты операциялық рәсім әзірленіп және өзектендіріліп, 13 зертхананың паспорты бекітілді.

Ғылыми зерттеулер мен жарияланымдық белсенділік

2026 жылдың өткен кезеңінде Институт ғалымдарының ғылыми зерттеу нәтижелері Scopus және Web of Science халықаралық ғылыми-метрикалық дерекқорларында индекстелетін журналдарда жарияланды. Барлығы 39 ғылыми мақала жарық көрді, оның ішінде 27 мақала бірінші квартильге (Q1), 10 мақала екінші квартильге (Q2) және 2 мақала төртінші квартильге (Q4) жататын ғылыми журналдарда жарияланды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 37 мақала, Ресейлік ғылыми дәйексөз индексінде (РИНЦ) индекстелетін басылымдарда 13 мақала жарық көрді. Бұдан бөлек, 9 конференция тезисі, 2 монография және 3 әдістемелік нұсқаулық жарияланды.

Ғылыми әзірлемелерді зияткерлік меншік объектілері ретінде қорғау бағытында да нәтижелерге қол жеткізіліп, есептік кезеңде Институт ғалымдары 20 патент алды.

Ғылыми әлеует және халықаралық танылу

Институттың ғылыми әлеуетін жоғары білікті кадрлар құрайды. Қазіргі уақытта мұнда 110 ғылыми қызметкер еңбек етеді, олардың қатарында 3 ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты және 11 философия докторы (PhD) бар. Институттың Хирш индексі 24-ті, ал ғылыми қызметкерлердің орташа Хирш индексі 4,19-ды құрайды.

2026 жылғы маңызды оқиғалардың бірі – ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхит Бармақұлы Орынбаевтың жоғары мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталуы. Мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

Институт ғалымдары халықаралық ғылыми іс-шараларға белсенді қатысуда. Атап айтқанда, 2026 жылы Испанияда өткен 20th Vaccine Congress халықаралық конгресіне және Грекияның Салоники қаласында ұйымдастырылған 4th International Conference on Crimean-Congo Hemorrhagic Fever (4th IC-CCHF) халықаралық конференциясына қатысып, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік алды.

Институт Ұлыбритания, Қытай, Корея Республикасы, Ресей, Қырғызстан, Никарагуа, Тәжікстан және Марокко елдерінің ғылыми ұйымдарымен, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастықты дамытуда.

Елдің биологиялық қауіпсіздігіне қосқан үлес

Республика күні қарсаңында ұсынылған бұл нәтижелер Институттың отандық ғылымды дамытуға, ветеринариялық биопрепараттар өндірісін нығайтуға және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін көрсетеді.

Институт алдағы уақытта да ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға, инновациялық әзірлемелерді практикалық қолданысқа енгізуге және Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған қызметін жалғастырады.

By admin