2026 жылғы 12 мамырда «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің конференц-залында:

«Институттың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты және корпоративтік этикасы: сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, мүдделер қақтығысы және қызметкерлердің жауапкершілігі» тақырыбында семинар өткізілді.

Іс-шара қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру, адалдық қағидаттарын қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен Институттың ішкі нормативтік құжаттарының талаптары туралы ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар барысында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізгі ережелері, квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің рөлі мен міндеттері, сондай-ақ Институтта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар қарастырылды.

Қызметкерлердің Корпоративтік этика және мінез-құлық кодексін сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау және лауазымдық міндеттерді адал орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинарға қатысушыларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың нәтижелері таныстырылып, ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметіне тән негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оларды төмендету мен алдын алу тетіктері түсіндірілді.

Іс-шара шеңберінде іскерлік этика талаптарын сақтау, ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету, дербес деректерді қорғау, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сақтау және биологиялық қауіпсіздікке қатысты мәліметтерді қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, мүдделер қақтығысы және корпоративтік этика талаптарының бұзылуы мәселелері бойынша қызметкерлердің жүгіну тәртібі қарастырылды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, күнделікті қызмет барысында заңдылық, ашықтық, адалдық және корпоративтік жауапкершілік қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігі туралы хабардар етілді.

«БҚПҒЗИ» ЖШС-нің комплаенс қызметі қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру және Институт ұжымындағы корпоративтік құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады.

By admin