Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 03 желтоқсандағы Жарлығымен Институттың бас ғылыми қызметкерлері, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор
Ж.К. Қыдырбаев және ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ә. Мамбеталиев «Құрмет» орденімен марапатталды! Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне біздің ғалымдарымыздың қосқан зор үлесін салтанатты түрде атап өтіп, оларға марапаттар табыстады! Олардың тұлғасында БҚПҒЗИ ұжымының еңбегі жоғары бағаланды.

Ж.Қ. Қыдырбаев – аса қауіпті инфекцияларға қарсы оннан астам вакцинаны әзірлеуші. Олардың арасында тұмауға, Ньюкасл ауруына, тауықтың жұқпалы бурситіне, құстардың жұқпалы ларинготрахеитіне, тауық шешегіне, ірі қара малдың бруцеллезіне, жылқы тұмауына қарсы вакциналар бар. Бұл вакциналар әзірленіп қана қоймай, өндіріске енгізілді. Ж.Қ. Қыдырбаевтың ғылыми зерттеулері жануарлардың, адамдардың инфекциялық патологиясының өзекті проблемаларымен байланысты және жоғары инновациялық әлеуетке ие, олар импортты алмастырудың мемлекеттік міндетін шешу үшін қажет, зерттеу нәтижелері өндіріске енгізілген және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және республикада эпидемиологиялық салауаттылықты сақтауға елеулі ықпал еткен.

Мамбеталиев М.Ә. – эпизоотология, вирусология, микробиология, биотехнология, жануарлардың жұқпалы ауруларын балау және алдын алу саласындағы маман. Шошқа мен түйе ауруларына қарсы вакцина әзірлеуші. 30 жылдан астам экзотикалық аурулардың қоздырғыштары, шектес мемлекеттерде де, Қазақстан Республикасының аумағында да жануарлар, құстар мен адамдар арасында кездесетін аса қауіпті вирустық инфекциялардың қоздырғыштары сақталатын бірегей микроағзалар коллекциясының жетекшісі болды.

Құрметті Жайлаубай Қыдырбайұлы және Мұратбай Әлдібайұлы! Сізді жоғары мемлекеттік наградамен марапаттаған ең шынайы және шын жүректен шықтан құттықтауларды қабыл алыңыздар. «Құрмет» ордені – бұл сіздің Отан алдындағы еңбегіңіздің жоғары бағалануы, бүкіл өміріңізді оған арнаған істің маңыздылығының дәлелі. Сіздерге бақыт, денсаулық, ұзақ өмір және ең батыл жобаларды жүзеге асыруда табыс тілейміз!

By admin