ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған «30 жыл – 30 есім» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды.

Телевизиялық сыйлық Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай соңғы 30 жыл ішінде түрлі салаларда табыстарға қол жеткізген, еліміздің дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлғаларға табыс етілді.

2021 жылғы 23-30 қарашада qazaqstan.tv сайтында өткен дауыс беру барысында үздіктердің есімдері анықталды.

«30 жыл – 30 есім» байқауының жеңімпаздарын таңдау – халық шешімі. Бір апта ішінде ұлттық телеарнаның ресми сайтында дауыс беруге 962 858 қазақстандық қатысты.

Ұлттық конкурстың «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында «QazVac» вакцинасын әзірлеуші ғалым, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми – зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Кунсулу Закарья марапатталды.

Кунсулу Закарья: «Бұл менің ғана жеңісім емес, әлемдік деңгейге жеткен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының жеңісі. Біз үшін бұл баға жетпес құрмет! Қазақстан ТРК және барлық дауыс берген азаматтарға үлкен рахмет!»

Біздің жалғыз Отанымыздың Тәуелсіздігі – бұл әрқайсымыздың, әрбір қазақстандықтың басты байлығы!

Тәуелсіздік алған сәттен бастап халқымыз Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктермен және табысты өзгерістермен жалғастыруда.

By admin