2020 жылдың 16 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерімен, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары бойынша бейнеконференцбайланыс режимінде кеңес өткізді.

Президент Үкіметтің маңызды міндеті – отандық вакцинаны өндіріске еш кедіріссіз енгізу екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық екі вакцинаның перспективалы әлемдік биопрепараттар қатарына кіргенін және клиникалық сынақтан өтіп жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіптік және өнеркәсіптік өндірісі үшін уақытша тіркеу тәртібін жеңілдету және зауыттың құрылысын аяқтау қажеттігін атап өтті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің ағымдағы сессиясы жұмысының соңына дейін депутаттардың қарауына биоқауіпсіздік бойынша заң жобасын енгізуді тапсырды.

Кеңесте сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тугумбаев, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов сөз сөйледі.

Сондай-ақ, кеңес барысында Қазақстан Республикасының Президенті «фармацевтикалық бизнестегі картельдермен жұмыс жасауды» тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья коронавирустық инфекцияға қарсы қазақстандық вакцина шетелдік аналогтардан кем түспейтінін мәлімдеген болатын.

By admin