Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден басталды.
Әңгіме барысында Қазақстан мен ДДҰ арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы пандемияға қарсы іс-қимыл бойынша біздің еліміз қабылдап жатқан шаралар туралы, оның ішінде қазақстандық ғалымдардың антибактериалды препараттарды әзірлеуі және халықты жаппай вакцинациялау барысы туралы ақпарат ұсынды.
Мемлекет басшысы Ассамблея қатысушыларына QazVac қазақстандық вакцинасын әзірлеу, оны ілгерілету және «Дельта»жаңа штаммына қарсы сәтті модификациялануы туралы айтып берді. Қазақстандық вакцина біздің елімізде тиімді пайдаланылып қана қоймай, Орталық Азияның басқа елдерінде де мақұлданған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы QazCoVac-P жаңа екінші суббірлікті вакцинасының ілгерілеуі туралы айтты, бұл препарат клиникалық зерттеулер кезеңінде кандидаттық вакциналар тізіміне енгізілді.
Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавируспен күрестің негізгі бағыттары, вирустың жаңа штаммдары және пандемияның одан әрі дамуының ықтимал сценарийлері туралы хабарлады. ДДҰ басшысы тағы да вакцинацияның өлімге әкелетін вируспен күрестегі маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ДДҰ-ның вакциналарға тең және әділ қол жеткізуді қамтамасыз етуге деген ұмтылысына толық қолдау білдіріп, қазақстандық вакцинаны барлық мұқтаж елдерге беруге дайын екенін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар халық денсаулығын нығайту бойынша халықаралық күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Бас директор өз тарапынан Қазақстан Президентінің ДДҰ-ның мақсаттары мен тәсілдеріне, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға бейілділігін құптады.
Президент ДДҰ басшысына қазақстандық вакциналарды қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Инвестициялық дөңгелек үстел барысында ҚР БҒМ ҒК «биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК атынан бас директор К.Д. Закарья және Президент Абдалах Шатиланың атынан «ДСМ Groupe» (Швейцария) компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумның мәні Қазақстан аумағынан тыс жерде медицина мен ветеринарияға арналған вакциналар өндірісін ұйымдастыру жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған әріптестік қатынастарды орнату және тараптардың ұзақ мерзімді, тиімді және өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту болып табылады.