Бүгінгі күні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының негізінде көршілес туысқан Қырғыз еліне отандық өніміміз – Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты шығарған QazVac вакцинасын гуманитарлық көмек ретінде жөнелтіп отырмыз.
QazVac вакцинасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігі қаржыландырған ғылыми-техникалық бағдарлама аясында әзірленіп өндірілген.
Отандық QazVac вакцинамыздың әзірлеу технологиясы біздің ғалымдардың аса қажырлықпен еңбек етуі және озық ғылыми тәжірибелерін қолдану арқылы жүзеге асырылды.
QazVac вакцинасы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Министрлігінің сараптамасы мен бақылауынан толық өткен.
Бүгінгі күні Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтынан СК-Фармация қоймаларына QazVac вакцинасының 300 мыңға жуық дозалары жөнелтілген.
Бұйырса, қыркүйек айында Жамбыл облысы Әкімдікпен салынып жатқан зауыттың жоғары технологиялы жабдықталған желісінде QazVac вакцинаның өндірістік сериялар шығарылады.
QazVac вакцинасының өндірілу жұмыстары Қазақстан Республикасының Үкіметінің қатал қадағалауында тұр.
Коронавирустық инфекциядан жақын уақытта құтылуға және пандемиялық жағдайдан бұрынғы тұрмыс-тіршілік жағдайына тезірек қайтуға тек қана вакцина қолдану мен санитариялық-гигиеналық талаптарды толық сақтау арқылы жетеміз.