Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинамен неге егілетінін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінен өтуде, соның барысында үш мың ерікті вакцинацияланды.
«Бізде, Қазақстанда QazCovid-in вакцинасы әзірленуде, оның технологиясы сәл өзгеше. Бұл белсенді емес вакцина. Клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің барлық кезеңдері ерекше бақылауымызда. Қазір клиникалық сынақтардың соңғы үшінші кезеңі жүріп жатыр, қазірдің өзінде үш мың ерікті вакцинацияланды.
Вакцина жақсы әсер беріп жатыр. Мен, денсаулық сақтау министрі ретінде дәл қазақстандық вакцинаны қолдағым келді, және ол шыққан кезде мен осы вакцинаны алғашқылардың бірі болып егемін. Әлбетте, оны вакцинациялауға ресми түрде Қазақстанда рұқсат берген кезде», – деді Цой.