2024 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Гвардейский кентіне келді. Бұл кездесуге Премьер-Министрдің орынбасарымен бірге ҚР Президентінің Ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Бибігүл Асылова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Ерғали Абдураимов, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров және Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков те келді.
Бірінші кезекте олар ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша институт ғалымдары үшін арнайы салынған тұрғын үйлермен және спорттық-сауықтыру кешенімен танысты. Кейін олар институт ғалымдарымен кездесті. Бас директор Аслан Керімбаев институттың қазіргі күні туралы баяндама жасап, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Кездесуде ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Жайлаубай Қыдырбаев, биология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Қошеметов және ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхит Орынбаев сияқты жетекші ғалымдар сөз сөйледі.
Одан кейін Тамара Дүйсенова «ОтарБиоФарм» ЖШС биофармацевтикалық зауытында болып, арнайы жиналыс өткізіп, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.