2020 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Кунсулу Закарьяны қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеудің негізгі нәтижелері туралы ақпаратты тыңдады.

Кунсулу Закарья Президентке БҚПҒЗИ базасында бес платформада COVID-19 вакцинасын жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Институт әзірлеген инактивтелген вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдады және клиникалық зерттеулердің бірінші фазасынан өтті. Қазіргі уақытта Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында клиникалық зерттеулердің екінші фазасы жүргізілуде.


Иллюстрациялық фото: ашық көздерден

Коронавирустық инфекцияға қарсы әзірленіп жатқан екінші отандық вакцинаны да ДДСҰ мақұлдады және клиникаға дейінгі зерттеулерден сәтті өтті.

Кунсулу Закарья Президентке БҚПҒЗИ аумағында жобалық қуаты жылына 60 миллион доза вакцина шығаратын отандық иммунобиологиялық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы туралы баяндады.

Кездесуде, сонымен қатар, БҚПҒЗИ-ын дамыту, ғалымдардың еңбек ақысын арттыру, жас мамандарды тарту, сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілерге «вакцинаны уақытша тіркеу» ұғымын енгізу перспективалары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Президент Институт қызметкерлері үшін тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту жөніндегі ұсынысты қолдады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы отандық вакциналарды әзірлеу мәселесі жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. www.akorda.kz

By admin