Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде орналасқан 40-шы әскери базаның Гвардейский офицерлер мәдениет үйінде еліміздің Тәуелсіздік алғанына 33 жыл толуына орай тағылымды іс-шара өткізілді.
Шараға Гвардейский кентінің тұрғындары мен 200-ден астам түрлі сала мамандары қатысты. Сонымен қатар, Желтоқсан қаһармандары мен Ауған соғысының ардагерлері арнайы шақырылды.
Іс-шара барысында 40-шы әскери базаның командирі жиналған қауымды Егемендігіміздің 33 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар, түрлі салада үздік жетістіктерге жеткен мамандарға арнайы марапаттар табысталды.
Жиынға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Сүкірбай Дамира Маратқызы, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры Керімбаев Аслан Амангелдіұлы және Желтоқсаншылар атынан профессор Қошеметов Жұмағали Қауқарбайұлы қатысты.
Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, рухты ел мен еркіндікті дәріптейтін әсерлі өлеңдер оқылды. Бұл жиын Тәуелсіздік күнінің маңызын арттырып, жас ұрпақтың бойына патриоттық рухты сіңіру жолында үлкен үлес қосты.
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!