Францияның Париж қаласында 23 ақпан мен 1 наурыз аралығында «Salon De Agriculture 2024» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтті.
Көрме 1964 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және биылғы 60-жылдығына орай Қазақстандық делегаттардың қатысуы тарихи маңызды оқиға болды.
Қазақстаннан көрмеге биотехнология және тамақ өнеркәсібі саласынан БҚПҒЗИ, QazBioPharm, ҚазҒЗВИ, Рахат кондитерлік фабрикасы және тағы да басқа мекемелер қатысты.
Көрме барысында елімізде шығарылатын биотехнологиялық өнімдерге қызығушылық танытқан мекемелер көп болды. Солардың бірі CIRAD (тропикалық және Жерорта теңізі аймақтарының тұрақты дамуы үшін жұмыс істейтін франциялық ауыл шаруашылығы зерттеулері және халықаралық ынтымақтастық ұйымы).
Келесі келіссөз жүргізген мекемелердің бірі франциялық инженерлік колледж – VET Agro Sup (Тамақтану, жануарлардың денсаулығы, агрономиялық және экология ғылымдары бойынша жоғары білім және зерттеулердің ұлттық институты).
Аталған мекемелермен келешекте қарым-қатынас құрып, ғылым саласында ортақ жобаларды орындау мүмкіншіліктері талқыланды.
Аталған көрмеге Қазақстандық делегаттардың қатысуы үшін ерінбей еңбек еткен Франция еліндегі Қазақтан елшілігінің орнын атап өту қажет! Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арыстанқұлова Гүлсара Мерейқызы бастаған топ делегаттарымыздың көрмеге қатысуын өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырды.
Көрме барысында Гүлсара Мерейқызы Қазақстан елшілігінде ресми кездесу өткізіп, елімізден келген делегаттардың басын қосты.
Кездесуге Франция ауыл шаруашылығы саласының өкілдері шақырылды және өзекті мәселелер талқыланып, келіссөздер жүргізілді.
Жалпы бір апта арасында өткен көрмеде шетелдік жеке тұлғаларға және биотехнология саласында жұмыс істейтін мекемелерге БҚПҒЗИ-да өңдірілетін биопрепараттар туралы ақпарат берілді. Аталған шаралар мен кездесулер отандық өнімнің шет елдерге шығу мәселесін шешетініне және ортақ ғылыми зерттеулердің жасалатынына кәміл сенеміз!