Иллюстративтік фото: ашық көздерден
Қазір қазақстандық QazCovid-in вакцинасы үшінші фазада сынақтан өтіп жатқаны белгілі. Мінбер.кз сайты осы жайында Білім және ғылым министрлігіне бірқатар сауалдар жолдаған. Министрлікке қарасты Ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда отандық вакцина жайында әлемдік ғылыми журналға мақала жазылып жатыр екен, сондай-ақ отандық вакцинаның қандай градуста тасымалданатынын да осы материалдан оқи аласыздар.
– Қазір QazCovid-in вакцинасы үшінші кезеңде сыналып жатқаны белгілі. Осы тексеріске 3000 адам қатысады деп хабарланған. Осы адамның қаншауына вакцина салынды? Олардың жағдайы қандай? Бұл Pfizer-Biontech вакцинасының үшінші кезеңіне қатысқан 43000 және Moderna вакцинасының үшінші кезеңіне қатысқан 30000 еріктемен салыстырғанда өте аз. Осы 3000 адамнан сенімді қорытынды шығаруға бола ма? Халық сеніміне әсер етпей ме?
– Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымымның сайтындағы мәліметтерге және ұсыныстарына сүйенсек, әлемде кейбір мемлекеттерде 3-фазалық клиникалық сынақтарға жеткен вакциналар 1000 адамнан бастап жүргізілгенін көреміз. Сондықтан біздің зерттеулер де әлемдік тәжірибеге сүйеніп жүргізіліп отыр.
– Көп доза вакцина дайындау үшін биоматериал жеткілікті ме?
– Вакцина дайындау технологиясында биоматериал алдын ала дайындалмайды. Әр серияға (партия) биоматериал алынып вакцина дайындауға жіберіліп отырады. Қажетті көлемде вакцина дайындауға біздің ғалымдар дайын.
– QazCovid-in вакцинасы қандай градуста тасымалданады және сақталады?
– Отандық вакцина құрғақ, күн сәулесі тікелей түспейтін, 2-8°С температурада тасымалданады.
– Pfizer-Biontech пен Moderna вакциналары сынаудың I/II фазасынан өтіп жатқан кезде The Lancet, The New England Journal of Medicine қатарлы ғылыми журналдарда олардың сынақ нәтижесі жарияланған екен. Ал Ресейдің «Спутник V» вакцинасы жайлы мақала жуырда жарияланды. Осындай үлкен ғылыми басылымдарға Қазақстанда жасалған QazCovid-in туралы мақала қашан шығады? Шетелдік ғалымдар елімізде шыққан вакцинаны сынау нәтижесін сұрады ма?
– Отандық QazCovid-in вакцина туралы мақала дайындалып жатыр, рейтингтік журналдардың талаптарына сай, ол үшін біраз уақыт керек. Шетелдік ғалымдар сынақ нәтижесін сұраған жоқ, сұраған күннің өзінде, клиникалық сынақтар толықтай бітпей нәтижесі берілмейді.
– QazCovid-in вакцинасын тексеруге қатысқан еріктілердің ең үлкені 70 жаста екені айтылды. Алайда вакцина тек 18 -65 жас аралығындағы адамдарға салынады делінген. Ал 65 тен асқан адамдар керісінше әлсіз топқа жатса, оларға не себепті салынбайды?
– Отандық QazCovid-in вакцинасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен протоколға сәйкес 18-65 аралығындағы еріктілерге тексерістен өтуде. 3-фазалық сынақ нәтижелері алынған кезде, 65-жастан асқан адамдарға салу не салмау медициналық қызметкерлердің шешімімен жүргізіледі.
– Егер үшінші фазадан сәтті өтсе QazCovid -in қай зауытта өндіріледі?
– Отандық QazCovid-in вакцинасы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) аумағында құрылыс жүріп жатқан биофармацевтикалық зауытта өндірілуі жоспарлануда.
– Отандық вакцинаны тексерудің екінші фазасында Бердібек Сапарбаев, Ерлан Қарин сынды танымал адамдар екпе салдырған еді. Үшінші фазаға қатысатын адамдар арасында белгілі азаматтар бар ма?
– 3-фазалық клиникалық сынақтар әлі жүргізілуде, бекітілген протокол бойынша еріктілер туралы мәлімет конфиденциалды болып табылады, сынақтар біткен соң бұл сұраққа жауап береміз.
Біз вакцина салдырмаймыз
“Мінбер” сайтының қай вакцинная салдырасыз деген сауалнамасына 210 қатысқан. Жауап бергендердің басым көпшілігі вакцина салдыруға үзілді-кесілді қарсы екенін айтқан.
Ал, “салдырмауыңызға не себеп?” деген сауалға басым көпшілігі сапасына күмәнмен қараймын деп жауап берсе, 37,6%-ы кері әсерінен қорқатындығын айтқан.
“Таңдау болса, қай вакцинаны салдырар едіңіз?” деген сауалда көпшілігінің таңдауы америкалық вакцинаға түскен, екінші отандық вакцина тұр.