2025 жылғы 27-28 қарашада Астана қаласында «QazBioPharm «Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне, тәжірибе алмасуға және оны нығайту бойынша ұсынымдар әзірлеуге арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция Қазақстанның ірі халықаралық алаңдарының бірінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы сарапшыларды біріктірді, онда Қазақстан, Франция, Қытай, Ресей және басқа елдердің мамандары өзекті қауіптер мен инновациялық шешімдерді талқылады.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, халықаралық сараптама ұйымдарының, академиялық және зерттеу орталықтарының, бейінді институттардың, денсаулық сақтау, ветеринария, биотехнология және фармацевтика саласындағы индустриялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Конференция аясында сондай – ақ ғылымды қажет ететін өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды, онда қатысушылар ғалымдардың әзірлемелері мен еңбектері, тест-жүйелері, вакцина платформалары, дәрілік препараттар және жұқпалы аурулардың мониторингі мен алдын алу үшін технологиялық шешімдерімен таныса алды.
Конференцияның мақсаты биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылау, ғылыми нәтижелермен алмасу, халықаралық өзара іс-қимылды күшейту және биологиялық қатерлерге дайындықты арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу болды.
Екі күн ішінде төрт стратегиялық маңызды бағыт қарастырылды:
- Эпидемиологиялық және эпизоотиялық ахуалды, сыртқы және басым ішкі қауіп көздерін мониторингілеу.
- Жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын анықтауға арналған диагностикалық құралдарды әзірлеудің заманауи тәсілдері.
- Жаңа буындағы иммунобиологиялық препараттар мен вакциналарды әзірлеудегі технологиялық трендтер.
- Микроорганизмдердің дәріге төзімділігі мәселелері және оларды шешудің инновациялық жолдары.


