2022 жылғы 16 маусымда Ұлытау облысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелері, азаматтық қоғам және саяси партиялар өкілдері, сарапшылар мен өңірлердің Қоғамдық кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер қатарынан 117 адам қатысты.

Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуы тиіс. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәлімдеді.

«Мемлекет таңдаған бағытты халықтың басым көпшілігі қолдайтыны өте маңызды. Біздің азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгерістер болады деп сенеді. Біз халыққа реформаларды жүргізу барысын ұдайы түсіндіріп отыруға тиіспіз. Қазірдің өзінде жаңғырту процесі біртіндеп бүкілхалықтық сипат алып келеді. Әрбір азамат жаңғыртудың әсерін сезінуге тиіс. Егер әркім елдегі өзгерістерге өзінің жеке ісі ретінде қарайтын болса, онда біз шынымен жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы түсінуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

«Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы мен айқын бағыты бар. Қазақ халқының атын асқақтататын білімді, саналы ұрпақ болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Закарья Күнсұлу Дальтонқызы.

«Құрылтай мүшесі ретінде мен өзіме үлкен жауапкершілікті артамын. Ұлттық құрылтайда елді толғандыратын пікірлер айтылды. Біз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың адал еңбектегі жұмысы, жастарды еңбекке баулу туралы пікіріне өте ризамыз. Шынында да, еңбекке құштар ұрпақ қана өз Отанын ұлы елге айналдыра алады», – деп атап өтті Күнсұлу Дальтонқызы.

https://www.inform.kz/ru/glava-gosudarstva-kurultay-budet-polnost-yu-vovlechen-v-realizaciyu-reform_a3945231

By admin