29 қараша күні Қордай ауданы, Әлжан Ана ауылының, Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінің оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды, оның мақсаты – өскелең ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Қазақстан Тәуелсіздігіне жету жолындағы тарихи оқиғалар туралы ақпарат беру болды.
Іс-шараға желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагерлер: биология ғылымдарының докторы, профессор Қошеметов Жұмағали Қауқарбайұлы және Жамбыл облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы, облыстық “Желтоқсан ұшқыны” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Өнетаев Жарылқасын Жұмаділұлы қатысты.
Кездесу барысында қонақтар Желтоқсан оқиғасы туралы естеліктерімен бөлісіп, Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолындағы күресі, сол кездегі халықтың ерлігі мен батырлығын еске салды. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды елге, жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікке шақырды.
Қошеметов Жұмағали Қауқарбайұлы өз баяндамасы мен презентациясын ұсынып, оқушыларға Тәуелсіздікке жету жолындағы қиыншылықтар мен батырлық туралы әңгімеледі. Ал Өнетаев Жарылқасын Жұмаділұлы Желтоқсан оқиғасындағы өзінің әсерлерімен бөлісіп, қаһарман Ләззат Асановамен бірге оқыған кездерін және сол уақыттағы оқиғалардың маңыздылығын баяндады.
Іс-шара соңында қатысушылар қонақтарға өскелең ұрпақтың Тәуелсіздікті құрметтеп, ата-бабамыз аңсаған асыл мұраттарды жүзеге асыру жолында талмай еңбек ететіндігіне алғыс білдірді.
Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыруға бағытталған осындай кездесулер болашақта да жалғасын табады деген сенімдеміз.