2024 жылы 1 қазанда, 89 жасында биология ғылымдарының кандидаты, профессор, беделді ғалым, Валентин Лукьянович Зайцев дүниеден өтті.

В.Л. Зайцев 1964 жылдан бастап Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп, бар өмірін ғылымға арнады. Өсімдік, жануар және құс вирустарын физикалық-химиялық және молекулалық-биологиялық тұрғыда зерттеу саласында елеулі үлес қосты. В.Л. Зайцев, сонымен қатар, КСРО журналдарында, шетелдік журналдарда және еліміздің журналдарында жарияланған 200-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы және 20-дан астам өнертабыстарға авторлық құқық куәліктерінің және 4 монографияның авторы болды. Ол «Микроорганизмдер, патогенді зеңдер және қайта егілуші жасуша культуралары» каталогын құруға тікелей қатысты, сондай-ақ қауіпті және аса қауіпті вирустық инфекцияларға арналған ПТР негізіндегі вакцина мен диагностикалық препараттардың ғылыми-техникалық құжаттамасын әзірлеуге және ресімдеуге қатысты.

Оның жетекшілігімен көптеген аспиранттар оқып, олардың 10-нан астамы кандидаттық диссертация қорғап, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

Ғылыми қызметтегі өнімділігі және ғылыми кадрларды дайындаудағы табысы үшін В.Л. Зайцев КСРО үкіметінің – «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапатталған.

 Валентин Лукьянович Зайцев қызметінің соңғы күніне дейін бар күш-жігерін Институт пен Қазақстан ғылымының дамуына жұмсады. Ерекше ойлаудың, еңбекқорлықтың, тәртіптің үлгісі және табандылықтың, даналық пен адалдықтың символы болды. Біздің көпшілігіміз, оның ішінде жаңадан бастағандар мен тәжірибелі мамандар Валентин Лукьяновичтен ғылым негіздерін үйреніп, ұсыныстар мен қолдау табу үшін оның даналығына жиі жүгіндік, шыдамдылығы мен жауаптылығы шексіз, бәрін тыңдауға, құнды кеңес беруге, көмекке келуге әрқашан уақыт табатын, өтініштерді ешқашан қабылдаусыз қалдырмайтын адам еді.

Әрқайсымыздың өмірімізде із қалдырған адам. Валентин Лукьянович өмірден озды, бірақ ол туралы жарық елес мәңгі есте қалады.

Отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз…

Институт әкімшілігі мен ұжымы

By admin