2022 жылғы 13 шілдеде онлайн-форматта Қытайдың ірі туристік және қаржы орталықтарының бірі Далянь қаласында «ҚХР мен Орталық Азия қатынастарының 30 жылдығы» атты әйелдерді дамыту жөніндегі Форумы өтті.
Форум Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған. Оған Қытай Халық Республикасынан, Орталық Азия елдерінен 200-ден астам делегат және Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері қатысты. Соның ішінде елдер делегациясынан көшбасшы әйелдер, әйелдер істері жөніндегі мемлекеттік ұйымдар мен әйелдер ұйымдарының басшылары, денсаулық сақтау, ғылым және техника саласындағы көрнекті мамандар, ОА елдерінің елшілері, халықаралық ұйымдардың дипломаттары да болды.
Форумның ашылуында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде А. Балаева Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап әйелдер құқығына кепілдік беретінін және қорғайтынын атап өтті. Ел бұл міндеттемелерге 1995 жылы Бейжің іс-қимыл платформасына қол қойып, 1998 жылы әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны ратификациялады.
«2020 жылы Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу әйелдер құқығын саяси ілгерілету бағытындағы маңызды қадам болды. Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті есепке алу туралы норма заңнамалық түрде бекітілді. Шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің 30%-дық үлесіне қол жеткізу туралы міндет қойылды. Бүгінде Қазақстан өңірдегі гендерлік мейнстриминг бойынша көшбасшы болып танылды. Өткен жылдың маусым айында Парижде өткен Бейжің іс-қимыл платформасының 25 жылдығына арналған «Теңдік ұрпағы» жаһандық форумы аясында Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев гендерлік зорлық – зомбылық және экономикалық әділеттілік жөніндегі көпжақты әріптестік коалициялары шеңберінде Қазақстанның өзіне міндеттемелер алғанын айтты», – деп мәлімдеді Аида Балаева.
Форумда Денсаулық сақтау саласындағы Қазақстандық ғылымды «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК Бас директоры, Қазақстандық QazVac вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закарья таныстырды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен күш – жігерді өңірдің бейбіт дамуына бағыттауды, әйелдердің жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды және «Бір белбеу-бір жол» бастамасын бірлесіп іске асыру бойынша әйелдердің күш-жігерін жұмылдыруды шешті.
https://www.instagram.com/tv/Cf_uPCdjeUa/?igshid=MDJmNzVkMjY=