2–7 ақпан аралығында Марокко Корольдігінде «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілдерінің Марокко Пастер институтындағы (Institut Pasteur du Maroc) әріптестерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшілігінің, оның ішінде Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Саулекүл Сайлауовнаның қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған кездесуге Институт тарапынан:
Жугунисов К.Д. – БҚПҒЗИ бас директоры;
Мырзахметова Б.Ш.- биология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Аса қауіпті инфекциялық аурулар» зертханасының меңгерушісі;
Абдыкалык А.А. – «Микробиология» зертханасының кіші ғылыми қызметкері қатысты.
Сапардың негізгі мақсаты – эпидемиология, инфекциялық аурулардың алдын алу және оларға қарсы күрес саласындағы серіктестік байланыстарды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту болды.
Кездесу барысында тараптар адам мен жануарлар денсаулығына қауіп төндіретін инфекциялар мен олардың қоздырғыштары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және талдамалық деректермен бөлісу перспективаларын талқылады.
Эпидемиологиялық жағдайды мониторингтеу, заманауи диагностикалық және зертханалық әдістерді енгізу, сондай-ақ жаһандық биологиялық қауіпсіздік аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар биологиялық қауіпсіздік жүйесін және қоғамдық денсаулықты қорғауды нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады. Сондай-ақ денсаулық сақтау және ветеринария саласындағы перспективалы ғылыми зерттеулер туралы, Africa Centres for Disease Control and Prevention (Africa CDC), Марокко Пастер институты (IPM) және «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арасындағы халықаралық үшжақты ынтымақтастықты дамыту ниеті талқыланды.

